Орталықтың тарихы

 

Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталықтың құрылу және даму тарихы

 

Профессор, м. ғ. д. С.Р. Әбсейітованың көпжылдық бастамасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Х.А. Абдуллаев, Б.М. Сапарбаев, К.С. Ізбасханов, Ж. Арзымбетов, Т. Бекжігітов, М. А. Муминовтың қолдауымен 2000 жылғы 1 тамызда іске асты. «Шинник» сауықтыру кешенінің бұрынғы ғимаратында өңірдегі алғашқы облыстық кардиологиялық орталық (ОКО) құрылды.

Орталық күрделі қалыптасу кезеңінен өтті, жұмысқа қолжетімді алғашқы аппаратура екі электрокардиограф және бір дефибриллятор еді. Алғашқы жылдары  материалдық-техникалық жабдықталымның жеткіліксіздігіне қарамастан, облыс басшылары мен жетекші кардиолог-дәрігерлердің, атап айтқанда: Т.М. Ойларова, Г.Ш. Алипова, Е.М. Морозова, К.М. Муталиева және Г.Ш. Исмаилованың ынта-жігері халыққа кардиологиялық көмектің қолжетімді болуына мүмкіндік берді және барлық қиындықтарды жеңіп шықты.

Ашылған сәттен бастап - 2000 жылы Қазақстанда алғаш рет миокард некрозының биомаркері – Т тропонинін анықтау жолға қойылды, 2002 жылы атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша алғаш рет «Креативті кардиология. Жүрек ауруларының диагностикасы мен емдеудегі жаңа технологиялар», А.Н. Бакулев атындағы РМҒА ЖТХҒО,  Мәскеу қаласындағы бірінші халықаралық конференция материалдарында «Жедел коронарлық синдром кезіндегі кардиальді Т тропонини  анықтау» мақаласы жарияланды.

С.Р. Әбсейітованың басшылығымен инфаркт бөлімшесі ашылды, бұл миокард инфарктісі бар пациенттерді емдеудегі тың серпіліс еді. Одан әрі бұл жұмысты тәжірибелі кардиолог-дәрігерлер К.М. Муталиева, Р.З. Сұлтанова және З.И. Ормаханова жалғастырды. Кейіннен өндірістік қажеттілікке байланысты жүректің бейкоронарогенді аурулары бар пациенттерді емдеу үшін екінші кардиологиялық бөлімше ашылды. Кардиолог дәрігер Е.М. Морозова бөлімшенің алғашқы меңгерушісі болды. 2010 жылдан бастап №2 кардиологиялық бөлімшені Денсаулық сақтау магистрі Г. М. Сейтжанова басқарды. 2019 жылдан бастап бөлімше меңгерушісінің міндетін М.А. Тойымбетова атқарады. Кардиолог дәрігерлер кардиоорталық ашылған сәттен бастап қала мен облыс тұрғындарына, оның ішінде жүкті және босанған әйелдерге санитариялық авиация желісі бойынша шұғыл көмек көрсетуді жалғастыруда.

ОКО ішінде ЖКС қызметі дамыған соң Г.Ш. Алипованың басшылығымен ЖКС науқастарына шұғыл көмек көрсету үшін РҚТБ бөлімшесі ашылды. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі Оңтүстік Қазақстан облысының барлық тұрғындарына шұғыл көмек көрсете бастады. Кейінгі жылдары РҚТБ Т.М. Ойларова, М.Н. Балтаев басқарды.

2002 жылдан бастап З.С. Байдәулетованың басшылығымен жүректе ишемиялық ауруы бар науқастарды инвазивсіз зерттеу әдістері: эхокардиография, Холтер бойынша ЭКГ мониторингі, артериялық қысымды тәуліктік мониторинг жасау, сондай-ақ жүктемелік стресс-тесттер (тредмил-тест және велоэргометрия) енгізілді. Қазіргі уақытта функционалдық диагностика бөлімшесі барлық қажетті заманауи аппаратурамен жабдықталған. Бөлімнің жұмысын 10 жылдан астам уақыт бойы Т.Ю. Пахомова  басқарып келеді.

Технологияның дамуымен бірге 2000 жылдан бастап кардиоорталықта «Жүрек мектебі» және «Артериялық гипертензиясы бар пациенттер мектебі» ашылып,  пациенттерді оқыту жүйесі құрылды. Бұл үлгі кейіннен аудандық және қалалық емханаларға сәтті енгізілді.

2004 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ж.А. Досқалиев ұжымның жұмысын жоғары бағалады. Сол жылы ми тамырлары мен шеткері артериялардың ангиографиясын жүргізу мүмкіндігі бар ангиографиялық қондырғы алынды. Рентген-эндоваскулярлық хирургия саласында кеңінен танымал мамандар -   проф. М.Х. Дадабаев (Бішкек қ.) және проф. М.М. Зуфаров (Ташкент қ.), рентген-хирург В. В. Илюхиннің көмегімен алғаш рет коронография жүргізіле бастады және алғашқы кардиостимуляторды имплантациялау жүргізілді.

2005 жылғы орталықтағы елеулі еңбектердің бірі- ол облысымызда алғаш рет кардиология саласында қазақ және орыс тілдерінде оқулықтың жарыққа шығуы «Жүрек қан тамыр аурулары кезіндегі алғашқы кардиологиялық көмекті этаптарда  көрсету» (С.Р.Әбсейітова, Г.Е.Тоиева). Оқулық қала, аудан, ауыл деңгейінде жұмыс жасайтын дәрігерлер үшін таптырмас анықтамалыққа айналды.

2005 жылы Қазақстан Республикасында алғаш рет және әлем бойынша  сегізінші болып, орталықтың сол кездегі Бас дәрігері С.Р. Әбсейітованың тікелей басшылығымен кардиоорталықтың дәрігерлері миокард реваскуляризациясының инвазивті әдістері мүмкін болмаған/тиімсіз болған кезде жүректің ишемиялық ауруы бар пациенттерді емдеуде экстракорпоралдық кардиологиялық екпінді-толқынды терапияны (ЭКУВТ) қолдана бастады. Аталмыш терапияны жүректің ауыр  ишемиялық ауруы бар еліміздің түкпір-түкпірінен келген науқастар келіп ем қабылдап жатты.

2007 жылы кардиологиялық орталық Жедел коронарлық синдромның (ЖKС) еуропалық тізіліміне енгізілген елдегі жалғыз ұйым болды. Тіркелімді құру кезінде әлемнің 35 елінен 78 орталық қамтылды. Зерттеу нәтижелері бойынша ЖКС бар пациенттерді диагностикалау және дәрі-дәрмекпен емдеу стратегиясы әлемдік стандарттарға сәйкес келетіні белгілі болды, бірақ 2003 жылдан бастап Еуропада қолданылатын инвазивті емдеу әдістерін енгізу қажет болды.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен қабылданған «Қазақстан Республикасының халқына кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасының» арқасында еліміздегі кардиологиялық қызметтің дамуы бұрын-соңды болмаған серпінге ие болды.

2008 жылғы 16 желтоқсанда елімізде алғаш рет ОКО жағдайында тәулік бойы жедел миокард инфарктісі бар науқастарға тері арқылы инвазиялық әсер ету - коронарлық артерияларды стенттеу жүргізіле бастады. Катетерлеу зертханасының меңгерушісі М.А. Темірқұлов алғашқылардың бірі болып коронарографияны және коронарлық артерияларды стенттеді. Бұдан әрі жаңа технологиялар дамыған соң дәрігер-рентгенхирург А.М. Рахматалиев бүйрек артерияларының алғашқы денервациясын жүргізді, сондай-ақ жүрекаралық қалқаның ақауын түзетудің аз инвазивті әдістерін-окклюдерді имплантациялауды енгізді.

Қазіргі кезеңде катетерлеу зертханасының меңгерушісі - И.Х. Керімқұлов, оның  даму бейіні - аорта патологиясы. Аорта қақпақшасын (TAVI) транскатетерлік имплантациялауды және стент-графт имплантациясын енгізу - интервенциялық кардиологияның дамуындағы «жаңа серпін».

2009 жылдың сәуір айында жергілікті билік органдарының арқасында жергілікті бюджет қаражаты есебінен кардиохирургиялық корпустың құрылысы аяқталып, жаңа ғимарат пайдалануға берілді. 2009 жылдың 4 мамырында профессор, медицина ғылымдарының докторы А. О. Сейдалин алғаш рет ашық жүрекке аортокоронарлық шунттау операциясын жасады. Аорто-коронарлық шунттау, жасанды қан айналымы жағдайында ашық жүрекке клапан аппаратын түзету, сондай-ақ туа біткен жүрек ақауын түзету бойынша операцияларды тәжірибеге енгізген дәрігер-кардиохирург, м.ғ.к. Е.М. Қуатбаев 2009 жылы кардиохирургия бөлімшесінің бірінші меңгерушісі болып тағайындалды. 2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі лауазымын жоғары санатты кардиохирург-дәрігер, денсаулық сақтау магистрі Б.С. Байтөре атқарып келеді. Кардиохирургиялық қызметті дамыту кезінде өңірде ашық жүрекке жасанды қан айналдыру жағдайында жасалатын операциялардың саны жылына 647-ге дейін өсті.

Кардиохирургиялық бөлімшенің ашылуымен бір мезгілде жоғары санатты дәрігер-реаниматолог, медицина магистрі Б.А. Перменовтың басшылығымен кардиохирургиялық реанимация және анестезия (ОАРИТ) бөлімшесі ашылды. Бөлімше дәрігерлері жүрекке күрделі операциялар жасау кезінде, пациенттерге операциядан кейінгі кезеңде анестезиологиялық көмек көрсетуге, сондай-ақ пациенттерді іріктеуге және кардиохирургиялық тактиканы анықтауға белсенді қатысады. Бөлімшеде жіті бүйрек жетіспеушілігін түзету мақсатында реаниматолог дәрігерлер ГДФ және гемодиализ сеанстарын, сондай-ақ плазмаферез рәсімін жүргізеді. 2012 жылы ОАРИТ бөлімшесі «ABBOT LABORATORIES Limited» (Ұлыбритания) жүргізген Севоранмен ингаляциялық анестезияны бағалау бойынша көп орталықты зерттеуге қатысты.

2009 жылғы қыркүйекте ОКО-ға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Мемлекет басшысына Президенттің ел халқына кардиологиялық көмекті дамыту жөніндегі бастамасын іске асырудың алғашқы нәтижелері көрсетілді.

Облыстық кардиологиялық орталық 2007 және 2009 жылдары екі рет «Жылдың үздік медициналық мекемесі» номинациясына ие болды.

2010 жылдың 9 тамызынан бастап ОКО-ны м.ғ.д., проф. С.Б. Бекжігітов басқарды.

Облыстық кардиоорталық негізінде 2012 жылы М.С. Әбдіқадыровтың басшылығымен аритмологиялық бөлімше ашылды. Қарыншалық тахикардияларды электрофизиологиялық зерттеу және хирургиялық емдеу бойынша операциялар белсенді жүргізіле бастады, ЭКС имплантациясының саны артты. 2019 жылы жоғары санатты дәрігер-аритмолог, медицина магистрі, аритмология бөлімшесінің меңгерушісі А.Б. Тұрсынбековтің жетекшілігімен аритмолог-дәрігер Д.К. Кенжебеков, Б.К. Есенбековтер Carto-3 навигациялық жүйесін қолданысқа енгізді және күрделі аритмиялардың радиожиілік аблациясы бойынша операциялар жүргізіле бастады.

Аритмологиялық қызметтің дамуы ХСН кезінде ресинхронизациялық терапия мақсатында кардиовертер-дефибрилляторларды (КВД) және CRT-D аппараттарын имплантациялаумен жалғасты. 2019 жылдан бастап ГКО-да жүрекшелердің фибрилляциясы кезінде өкпе көктамырларының сағаларын криооқшаулау бойынша операциялар жүргізіле бастады.

Пациенттердің өмірін құтқаруда жаңа технологиялардың енгізілуі 2013 жылы жедел респираторлық дистресс синдромы бар пациентке экстракорпоралдық мембраналық оксигенацияның (ЭКМО) бірінші аппаратының іске қосылуымен және орнатылуымен есте қалды. Сондай-ақ, аурухананың кардиохирургтары жүрек клапандарын бір мезеттік протездеу және аорто-коронарлық шунттау, жүрек тамырларын эндартерэктомия және шунттау, сондай-ақ қолқаның өрлемелі бөлігіндегі операциялар сияқты күрделі гибридті жүрек операцияларын орындай бастады.

2014 жылы ОКО Қазақстан Республикасының бас кардиохирургы Ю.В. Пя және «ҰҒКО» АҚ Басқарма төрағасының хирургиялық қызмет жөніндегі орынбасары Е.М. Қуатбаев бастаған Астана қаласы «ҰҒКО» АҚ туа біткен ауыр жүрек ақауларын жедел түзетуге маманданған қызметкерлерінің қатысуымен алғаш рет мастер-кластар сериясын өткізді. Сол кезде орталық базасында эндоваскулярлық хирургтар қауымдастығының президенті С.А. Әлімбаевтың белсенді араласуымен ашық аорталық ағыны бар пациенттерге окклюдер имплантациялау бойынша мастер-класс өткізілді.

2015 жылдан бастап ОКО-да пациенттердің стационарда болу мерзімін қысқартатын  және жақсы косметикалық әсері бар жүрекке ең аз инвазивті қол жеткізе отырып  операциялар жүргізіле бастады.

2018 жылы облыстық кардиологиялық орталық атауын Қалалық кардиологиялық орталыққа (ҚКО) ауыстырды, бұл Шымкент қаласының Республикалық маңызы бар мәртебеге ие болуымен байланысты болды.

2019 жылдың 20 ақпанынан бастап Қалалық кардиологиялық орталықты м.ғ.к., жоғары санатты дәрігер-кардиохирург Е. М. Қуатбаев басқарды, оның басшылығымен ұйым республикалық аккредиттеуден сәтті өтті және халыққа жоғары технологиялық мамандандырылған көмек көрсетуді жалғастыра алды. Жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуда қабылданған шаралар, әсіресе жүректің қақпақшалы патологиясы және қолқа өрлемелі бөлімінің қатпарлы аневризмасы бар жүкті әйелдерді хирургиялық емдеуді, сондай-ақ жаңа технологиялар мен цифрландыруды енгізу, «ҰҒКО» КЕАҚ мамандарын шақыра отырып, мастер-кластар мен халықаралық конференциялар өткізу, алынған нәтижелерді БАҚ-та жариялау бойынша жұмыс ұйымға оңтүстік өңірдегі жетекші клиникалардың бірі болуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар 2019 жылы қараша айында орталықтың перфузиологтарының бастамасымен ең алғаш рет Қазақстанда   I Халықаралық перфузиологтардың конгресі өткізілді. Конгресске Израиль, Германия, Ресей сынды мемлекеттердің алдыңғы қатарлы мамандары қатынасты. Конгрессте  алғаш рет Қазақстан перфузиологтарының Қоғамы құрылды.

COVID-19 пандемиясы Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтаудың дамуына қиындықтар алып келді. Жіті тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі бар, өмірлік маңызды органдардың функцияларын қолдауды қажет ететін ауыр пациенттер санының өсуі Шымкент қаласында ЭКМО қызметінің дамуына себепші болды. Кардиорталық дәрігерлері операциялық блоктың меңгерушісі Ж.З. Әшіровтың басшылығымен қала және Түркістан облысының пациенттеріне, оның ішінде COVID-19 ауыратын жүкті әйелдерге ЭКМО орната бастады.

2020 жылы орталықтың кардиохирургиялық қызметі мен кадрлық әлеуетін одан әрі дамыту қажеттілігі мен қазіргі сын-тегеуріндерді ескере отырып, республикалық мекемелермен вертикалды бірігу жолымен ҚКО-ны қайта құру туралы шешім қабылданды. «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КЕАҚ-ның бірігуі орталыққа кардиологиялық көмек көрсетуде өзінің даралығы мен ерекшелігін сақтауға мүмкіндік берді.

2021 жылдың сәуір айынан бастап «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының м.а. лауазымын жоғары санатты кардиохирург-дәрігер Д. Ж. Сүйгенбаев атқарып келеді. Оның менторлықты дамыту және интервенциялық аритмология, кардиология және кардиохирургия бағыты бойынша неғұрлым тиімді әзірлемелерді енгізу бойынша жалғастырып отырған жұмысы, реанимация және функционалдық диагностикада білім беру жобаларын дамыту, сондай-ақ ұжымның жоғары әлеуеті жаңа көкжиектерге жол ашып отыр. Оның басшылығымен аймақта созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға көмек көрсету бағдарламасы белсенді дами бастады. Терминалдық ХСН дәрі-дәрмекпен емдеудің тиімсіздігі инновациялық технологияларды енгізу - сол қарыншаны механикалық қолдау құрылғысын (LVAD) имплантациялаудың жарқын келешегін көрсетеді. Көп жылдық еңбек пен «ҰҒКО» КЕАҚ-та ХСН хирургиялық емдеудің оң нәтижелері, мамандардың өз тәжірибесін үйретуге дайын болуы осы жобаны «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ-та бірлесіп іске асыруға көмек болады.

ЖЖЖ емдеудің хирургиялық әдістерін енгізу негізгі бағыттардың бірі болып табылады, 2021 жылы ол «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ қабырғасында басталып, осы уақыт ішінде 10 LVAD құрылғысы имплантацияланды.

2012 жылы 8 тамызда Астанада ел тарихындағы тұңғыш жүрек трансплантациясы жасалды және бұл салада өзіндік жаңалық болды, бүгінгі күнге дейін Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында 88 жүрек трансплантациясы Юрий Владимирович Пяның жетекшілігімен Астанада сәтті жүзеге асырылды.

Бүгінгі күні ҰҚКО командасы созылмалы жүрек жеткіліксіздігін хирургиялық емдеу мәселелерін шешуде ТМД елдерінде көшбасшы болып табылады. Ұжымның тәжірибесі мен білімі республика халқының өмір сүру ұзақтығын арттыруға және сапасын арттыруға зор үлес қосуға мүмкіндік береді.

 2023 жылдың 5 шілдесі Шымкент жүрек орталығы үшін тарихи күн болды, себебі бүгін Оңтүстік өңірде алғаш рет жүректі ауыстыру отасы сәтті өтті. Операция ОӘК КФ Басқарма төрағасы Ю.В.Пяның, ҰБКК командасының және Орталықтың Басқарма төрағасы Сүйгенбаев Д. .Ж.қатысуымен жүзеге асты.